Сайрамда соңғы қоңырау соғылып, түлектерге сәттілік тіленді

2025 жылғы 23 мамырда Сайрам ауданындағы барлық мектептерде дәстүрлі «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны өтті. Мектеп бітіруші түлектер үшін ерекше күнге айналған бұл шараға ата-аналар мен ұстаздар қауымы жиналды.

Аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев Қарасу ауылындағы №74 мектепке арнайы барып, оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге жылы лебізін білдірді.

— Алдарыңызда үлкен өмір жолы күтіп тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеу – сіздердің білім мен табандылықты қажет ететін маңызды белестеріңіздің бірі. Ең бастысы – тек білімді ғана емес, еліне адал, жауапты азамат болуға ұмтылыңыздар, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Мерекелік шарада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Мадина Тасқұлова да сөз сөйлеп, барша қатысушыларды құттықтады. Ол өз сөзінде республика бойынша үздік 100 мектеп тізіміне Түркістан облысынан 5 мектептің енгенін айтып, солардың бірі – №74 мектеп екенін қуанышпен жеткізді.

Жиын соңында мектеп ауласын толтырған қоңырау үні түлектердің балалықпен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқан сәтін паш етті. Іс-шара әсерлі сәттер мен естен кетпес эмоцияларға толы болды.