САЛТ-ДӘСТҮР ҰМЫТ ҚАЛМАЙДЫ: «JasSAQ» ЭТНО-ЖОБАСЫНДА ҰЛТТЫҚ МҰРА НАСИХАТТАЛДЫ

Созақ ауданы аумағындағы «Жұмбақ тау» этно-лагерінде өткен «JasSAQ» республикалық этно-реалити жобасы аясында ұлттық салт-дәстүр мен спорт түрлерін дәріптеуге арналған танымдық сайыстар ұйымдастырылды.

Жобаның басты мақсаты — жас ұрпақ арасында қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, ұмыт бола бастаған дәстүрлер мен ұлттық ойындарды қайта жаңғырту.

Күбі пісу – қыздар сайысы

Шарада ерекше көңіл бөлінген байқаулардың бірі — күбі пісу жарысы. Қатысушы қыздар ағаш күбі мен піспекті пайдаланып, айран пісіп, өз шеберліктерін көрсетті. Бұл байқауға ауылдық жерлерден арнайы шақырылған әжелер төрелік етіп, күбі пісіру тәсілінің дәстүрлі талаптарға сай болуына ерекше назар аударды.

Қазақ күресі – жігіттер сыны

Этно-жобаның аясында ұйымдастырылған қазақ күресі бәсекесі де қызықты әрі тартысты өтті. Еліміздің әр өңірінен келген жастар алты командаға бөлініп, боз кілемде белдесті. Әр қатысушы өз шеберлігімен көзге түсіп, ұлттық спорттың мәртебесін арттырды.

Ләңгі тебу – ептілер жарысы

Сонымен қатар, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындардың бірі — ләңгі тебуден жарыс өтті. Жастар өз ептілігі мен шапшаңдығын сынға салып, белгіленген уақыт ішінде ләңгіні мүмкіндігінше көп тебуге тырысты.

Жеңімпаздар марапатталды

Сайыстардың қорытындысы командалық ұпайлар бойынша есептеліп, үздік қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұлттық дәстүрді ұлықтаған бұл жоба жастарға рухани тәрбие беріп, тарихи сананы жаңғыртуға серпін берді.