САРЫАҒАШ ӘКІМІ АҚПАРАТ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала мамандары мен ардагер журналистерге арнап құттықтау жолдады.

«Сіздерді 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!» деп бастаған аудан басшысы БАҚ өкілдерінің билік пен бұқара арасындағы алтын көпір ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Ол ақпарат кеңістігіндегі әділдік пен кәсібилік, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы – қоғам дамуы мен ел тұрақтылығының маңызды тірегі екенін баса айтты.

Арман Абдуллаев өз құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медиа-салаға қатысты ұстанымына тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарының елдегі экономикалық өсім мен әлеуметтік даму бағытындағы бастамаларды насихаттаудағы еңбегіне ризашылығын білдірді.

Аудан әкімі ұшқыр қалам иелеріне шығармашылық шабыт, толағай табыс пен отбасыларына амандық тілеп, мерекелерімен шын жүректен құттықтады.