Сарыағаш ауданы: өндіріс орындарының саны артып келеді

Сарыағаш ауданында шағын және орта бизнес саласында жаңа өндіріс ошақтары ашылып, өңір экономикасының серпінді дамуына үлес қосуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округінде орналасқан бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап, кәсіп иелерімен кездесті.

Кездесу барысында аудан басшысы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бәсекеге қабілетті өнім өндіру, сапаны арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу – ауданның экономикалық әлеуетін күшейтудің негізгі тетігі.

Алдымен аудан әкімі Береке елді мекеніндегі жеке кәсіпкер «Мейірбек» наубайханасының жұмысымен танысты. Кәсіп иесі өз ісін 2026 жылы бастап, қазіргі таңда нан өнімдерінің 11 түрін өндіруде. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 2000 дана өнім шығаруға жетеді. Мұнда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дайын өнімдер аудан аумағында ғана емес, көршілес аудандарда да сұранысқа ие.

Сондай-ақ аудан басшысы жеке кәсіпкер Нұрымбет Әбеевтің сүт өнімдерін өңдейтін цехына барды. 2022 жылы іске қосылған өндіріс орны тәулігіне 3 тонна сүт өңдеу мүмкіндігіне ие. Кәсіпорында 4 адам тұрақты, 10 адам маусымдық негізде жұмыс істейді. Өнімдер республика көлемінде саудалануда.

Кәсіпкердің мәліметінше, биыл наурыз айында өндіріс үдерісін жетілдіру және тәжірибе алмасу мақсатында өзге өңірлерден білікті мамандар шақырылып, бірлескен жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.

Жалпы, Сарыағаш ауданында өндіріс нысандарының көбеюі жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бюджет кірісін арттыруға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде.