Сарыағаш: Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев аудан тұрғындарымен жүздесті

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандарды аралады. Сапар барысында ол Құркелес ауылдық округіндегі «Amantay-plast» қайта өңдеу цехының жұмысымен танысты.

Аталған өндіріс орны тәулігіне 4 тоннаға жуық қатты қалдықты өңдеп, 10 мың дана пластик жәшік шығарады. Цехта 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт өнімі Қазақстан аумағына экспортталып жатыр.

Өндірістегі жұмыстармен танысқан Темір Қырықбаев кәсіпкерлікті қолдауға дайын екенін жеткізіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Жиын соңында ауыл ақсақалдары депутатқа ақ батасын берді.

Сонымен қатар, мәжілісмен Сарыағаш қаласында бой көтеріп жатқан 900 орындық «Жайлы мектептің» құрылыс алаңында болды. Құрылыс мердігері жобамен таныстырып, қазіргі таңда мектептің инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталғанын, ал сыртқы қоршау және асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.