САРЫАҒАШ: МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН ШАЛҒАЙ АУЫЛДАР ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

САРЫАҒАШ: МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН ШАЛҒАЙ АУЫЛДАР ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ,-деп хабарлайды Пресса24.кз.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі ресми түрде іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар және жергілікті тұрғындар қатысты.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтады.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік, – деді аудан әкімі.

Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері толыққанды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС атқарды.

Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала, 13 ауылдық округ бар, онда жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұрын 79,3 пайызды құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсуде. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, көрсеткіш 85,7 пайызға жеткен болатын.

Бүгін қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің есебінен тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.

Бұл жоба тек тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлерде әлеуметтік теңдікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады. Елді мекендерде орталықтандырылған су жүйесінің болуы санитарлық жағдайды жақсартып, тұрғындардың денсаулығын қорғауға септігін тигізеді.