САРЫАҒАШ: “ӨНДІРІСТІК ПАРКТІҢ” ЖЕР ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Сарыағаш қаласының кіреберісінде жаңа “Өндірістік парк” жобасының құрылысы басталды. Бұл жоба – аудандағы кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Әкім жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жобаны тиімді әрі уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы А. Әмірхановқа құрылыс сапасын бақылауды күшейту жүктелді.
Қазіргі таңда 6,5 гектар аумақта жерді тегістеу және инженерлік инфрақұрылымға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба бірнеше кезең бойынша іске асырылмақ. Алғашқы кезеңде жер жұмыстары мен инженерлік желілер тартылып, өндірістік нысандарға қажетті инфрақұрылым қалыптастырылады.
Айта кетсек, “Өндірістік парк” жобасы – шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша серпін беретін алаң. Мұнда әртүрлі бағыттағы өндіріс орындары орналастырылады. Кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылым ұсынылып, өндірісті бастауға қолайлы жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде аудандағы экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде Сарыағаш ауданында ондаған жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен бірге, өндіріс орындарының көбеюі жергілікті өнімнің түр-түрін арттырып, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді тауарлармен қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Аудан әкімдігі аталған жобаның өңір экономикасына тың серпін беріп, Сарыағашты кәсіпкерліктің жаңа орталығына айналдыратынына сенімді.





