Сарыағашта екі мыңнан астам тұрғын «Таза Қазақстан» науқанына үн қосты

 

Сарыағаш ауданында экологиялық сана мен қоғамдық белсенділіктің үлгісін көрсеткен кезекті сенбілік өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен шараға 2000-ға жуық тұрғын қатысып, аудан аумағында кең көлемде тазалық жұмыстары жүргізілді.

Республикалық маңызы бар А-15 тас жолының бойы, сондай-ақ облыстық және аудандық жол желілері мен ішкі көшелер тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Тазалық жұмыстарына 7 арнайы техника тартылып, жалпы көлемі 14 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Аудан әкімінің бастамасымен өткен шара барысында ағаштар әктеліп, жол жиегіндегі арамшөптер орылды, арықтар тазартылып, қоғамдық орындар ретке келтірілді.

Аудан басшысы Арман Абдуллаев сенбілік барысын өзі аралап көріп, тұрғындарды тазалық мәдениетін арттыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды. «Таза қала – ортақ жауапкершілік» деген ұстанымды алға тартқан әкім экологиялық бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.

Экобастама — тек бір реттік шара емес, қоршаған ортаны қорғау мен отансүйгіштікті тәрбиелеуге бағытталған кешенді жұмыс. Бұл жолғы сенбілік соның нақты көрінісі болды.