САРЫАҒАШТА ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

Сарыағаш ауданында «Заң және тәртіп» апталығы аясында ұжымдық форматта арнайы тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Іс-шара аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері арасында өтті.
Басты мақсат – мемлекеттік қызметшілер арасында құқыққа құрметті арттыру, жемқорлыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыру және этикалық нормаларды сақтау мәдениетін нығайту.
Жиында аппарат басшысы О.Ыбрай жалпыұлттық деңгейде қолға алынған бұл бастаманың маңызын атап өтіп, заң талаптарын сақтау – әрбір қызметкердің азаматтық әрі кәсіби міндеті екенін айтты.
Кездесу барысында аудандық заң бөлімінің жетекшісі А.Сарсенбеков сөз алып, құқық бұзушылықтың алдын алудағы жауапкершілік, әділеттілік пен адалдықтың мемлекеттік қызметтегі орнына тоқталды.
Аталған шара ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен жүзеге асып, еліміздегі құқықтық мәдениет деңгейін көтеруге бағытталған.





