Сарыағашта мәдениет пен спорт нысандары бой көтеріп жатыр

Сарыағашта мәдениет пен спорт нысандары бой көтеріп жатыр,деп жазады Пресса24.кз.

Сарыағаш ауданының Тегісшіл ауылдық округінде әлеуметтік нысандардың құрылысы жанданып келеді. Қазіргі таңда елді мекенде мәдениет үйі, кітапхана, балалар ойын алаңы және кіші футбол алаңы салынуда. Жергілікті тұрғындар үшін бұл — ұзақ күткен қуанышты жаңалық.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын көзбен көрді. Ол мердігер компанияларға жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң ескертті. Айта кетейік, мәдениет үйі мен кітапхана құрылысына қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Нысан 75 адамға арналған.

Тегісшіл округі 2024 жылы «Үлгілі ауыл» облыстық байқауында жүлделі ІІ орын алып, арнайы әлеуметтік нысан салуға мүмкіндікке ие болған болатын. Байқау нәтижесі ауылдың даму әлеуетін дәлелдеп, мемлекеттік қолдауға жол ашты.

Бұдан бөлек, балалар мен жастарға арналған ойын және футбол алаңдарының құрылысы да қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда жабдықтар орнатылып, аумақ абаттандырылуда. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасамақ.