САРЫАҒАШТА ЖАҢА МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Сарыағаш қаласында 300 оқушыға арналған заманауи мектептің құрылысы жоспарға сай жалғасып жатыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайымен танысып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді.
Құрылыс алаңында «Samruk–Kazyna Construction» АҚ мен мердігер ұйым өкілдерімен өткен кездесуде аудан басшысы нысанды уақытында аяқтаумен қатар, құрылыс сапасы мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының мүлтіксіз сақталуы басты талап екенін қадап айтты. Сондай-ақ, құрылыс процесін тұрақты бақылау және үйлестіру жұмыстары аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байгабуловқа тапсырылды.
Арман Абдуллаевтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуда кез келген ұқыпсыздыққа жол берілмеуі тиіс. Әрбір құрылыс кезеңі белгіленген стандарттарға сәйкес орындалып, мектеп пайдалануға толық дайын әрі қауіпсіз күйде тапсырылуы қажет.
Қазіргі таңда нысанда ішкі технологиялық жабдықтарды орнату және абаттандыру, тазалық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 8 жұмысшы тартылған.
Аталған білім ошағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk–Kazyna Construction» АҚ, ал құрылыс жұмыстарын «А-Спецстрой» ЖШС атқаруда.
Жаңа мектеп пайдалануға берілген соң, Сарыағаш қаласындағы оқушы орындарының тапшылығы азайып, балалар үшін заманауи әрі қолайлы білім беру ортасы қалыптасады. Бұл өз кезегінде аудан бойынша білім сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға оң әсерін тигізбек.





