САРЫАҒАШТЫҚ ТҰРҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТПЕН КӨЛІК ЖӨНДЕУ КӘСІБІН ЖОЛҒА ҚОЙДЫ

Сарыағаш ауданының Қапланбек ауылдық округіне қарасты Ташқұлақ ауылының тұрғыны Гүлмира Түгелова мемлекеттік қолдау арқылы отбасылық кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Биыл ол «Автомобиль қаңқасын жөндеу» бағыты бойынша қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алған.
Кәсіпті Гүлмираның жұбайы Мақсұт Қаратаев қолға алып, ауыл тұрғынын тұрақты жұмысқа қабылдаған. Нәтижесінде отбасы үшін жаңа табыс көзі қалыптасып, ауылда бір азамат жұмыспен қамтылды. Қазіргі таңда көлік жөндеу шеберханасы жергілікті тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта отбасылық кәсіп иелері қызмет аясын кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, кәсіпкерлік нысанның жұмысымен танысты. Ол мемлекеттік гранттың ауыл тұрғындарына үлкен демеу болып отырғанын айта келе, мұндай жобалар жергілікті экономиканың дамуына серпін беретінін жеткізді.
Айта кетейік, аталған отбасы мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр. Сол себепті бұл кәсіп олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, қоғамға пайдалы іспен айналысуына жол ашып отыр.
Мемлекеттік гранттар мен түрлі қолдау тетіктері ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етуде. Осындай бастамалар арқылы тұрғындар өз кәсібін ашып, тұрмысын түзеп қана қоймай, ауылда жұмыс орындарының көбеюіне де үлес қосуда.





