САУРАНДА 280 МЫҢ БАСҚА АРНАЛҒАН ҚҰС ФЕРМАСЫ АШЫЛДЫ

 

Сауран ауданында ауыл шаруашылығын дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері аудан бойынша 6,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл жалпы құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Солардың ішінде Шаға ауылдық округінде орналасатын, 280 мың басқа арналған «Eco-Chicken» ЖШС құс фермасы ерекше назар аудартады. Құны 2,5 млрд теңгеге бағаланған жоба толық іске қосылғанда, өнімдер тек облыс көлемінде ғана емес, бүкіл республикаға экспортталмақ.

Сондай-ақ, «Ақ Сауран» ЖШС 1,5 млрд теңгеге жаңбырлатқыш суару технологиясын енгізіп, 700 гектар алқапты тиімді пайдалануды көздеп отыр. Бұдан бөлек, ірі қара бордақылау алаңдары, жылыжай кешендері және басқа да жобалар жүзеге асырылады.

Ауданның 2030 жылға дейінгі даму жоспары үш бағыт бойынша 254 инвестициялық жобаны қамтиды. Жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар аясында 4 162 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 2025 жылдың соңына дейін құрылыс материалдары, тұрмыстық химия, тағам өнімдері мен медициналық жиһаз өндіретін 30 өндірістік кәсіпорын іске қосылып, 1 500 адам жұмыспен қамтылады.

Туризм саласы да назардан тыс қалмаған. Өткен жылы Саурандағы тарихи орындарға 100 мыңға жуық турист келген. Биыл бұл бағытта 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылып, 164 адамға жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Үшқайық ауылында минералды су көздері негізінде емдік-сауықтыру аймағын құру көзделуде. 20 гектар жер телімінде 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар.

Инфрақұрылым саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Қазіргі таңда ауданға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз сумен қамтылған. Биылғы жылы Жүйнек, Ескі Иқан, Егізқара және Қазақстанның 30 жылдығы елді мекендерінде су жүйелері жаңартылып, 24 сағаттық ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Электрмен қамту бағытында 2024 жылы 56 трансформатор ауыстырылса, биыл тағы 17 трансформатор мен 13 шақырым желі жаңартылады. Табиғи газбен қамту деңгейі 45,6 пайызға жетіп, жыл соңына дейін 1 790 жаңа абонент қосылады.