САУРАНДА ЖАҢА КӨПІР АШЫЛДЫ: ТҰРҒЫНДАРҒА ЫҢҒАЙЛЫЛЫҚ, ӨҢІРГЕ ДАМУ

 

Сауран ауданында облыстық маңызы бар КХ-59 «Түркістан–Қарнақ» автожолының бойындағы жаңадан жөнделген көпір салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ауқымды жобаның аяқталуына орай өткен шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, тұрғындарды маңызды нысанның іске қосылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды.

Ұзындығы 72 метр, ені 9 метр болатын жаңа көпір — Сауран аумағындағы негізгі көлік дәліздерінің бірі. 2024 жылы басталған күрделі жөндеу аясында ескі көпір толық бұзылып, орнына 72 дана темірбетон қада қағылып, 24 метрлік 27 темірбетон плита орнатылды. Қоршаулар жаңартылып, асфальт жабыны төселді. Құрылыс кезеңінде көлік қозғалысын үзбеу үшін 820 метрлік уақытша айналма жол да салынды.

Жобаны Түркістан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қаржыландырды. Бұл көпір — жәй өткел емес, ауыл мен қаланы байланыстыратын маңызды инфрақұрылым. Ол жолаушылар мен жүк тасымалы үшін қауіпсіз әрі жылдам қатынасқа жол ашып, өңірдің экономикалық байланыстарын нығайтатын өзекті құрылыс нысанына айналып отыр.

Билік өкілдерінің айтуынша, бұдан кейін де Сауранда халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылым жобалары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.