Сауранда жылына 10 тонна құлпынай өнімін беретін заманауи жылыжай жұмыс істеп тұр

Сауранда жылына 10 тонна құлпынай өнімін беретін заманауи жылыжай жұмыс істеп тұр,-деп хабарлайды Pressa24.kz.

Түркістан облысы, Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Мухитдинов» шаруа қожалығы табиғи әрі сапалы өнім өндіруді жолға қойған. Жеке кәсіпкер Алымжан Мухитдинов басқаратын қожалық жылыжай шаруашылығына заманауи технологияларды енгізіп, тамшылатып суғару әдісі арқылы экологиялық таза құлпынай өсіруде.

2024 жылы іске қосылған жылыжай кешенінің жалпы инвестициялық құны – 300 миллион теңге. Қазіргі таңда 0,7 гектар аумақта орналасқан кешен жылына кемінде 10 тонна өнім береді. Мұнда өсірілетін құлпынай ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен жетіледі. Бұл өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, оның адам ағзасына пайдалы дәрумендерге бай болуын қамтамасыз етеді.

– Біз өсіріп отырған құлпынайдың сапасы өте жоғары. Пестицидтерді мүлде қолданбаймыз. Табиғи жолмен жетілген өнім дәмді әрі адам ағзасына қажетті дәрумендерге толы, – дейді шаруа қожалығының иесі Алымжан Мухитдинов.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл құлпынай түрі бір маусымда бірнеше рет өнім беріп, өнімділігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда жиналған өнімнің басым бөлігі Түркістан қаласы мен аудан тұрғындарына сатылуда. Сұраныстың жоғары болуы кәсіпкерді жылыжай көлемін екі есеге ұлғайту жоспарына жетелеп отыр.