ШӘУІЛДІРДЕН – САМАРҚАНҒА: АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ САПАР

Отырар ауданы әкімдігі мен “Белсенді ұзақ өмір” әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 13 ауылдық округтен келген 50-ге жуық ардагер үшін Өзбекстанға тарихи-танымдық сапар ұйымдастырылды. 14–15 мамыр күндері өткен игі шара – ардагерлерге деген құрметтің нақты көрінісі болды.

Сапар мақсаты – ардагерлердің рухани демалуын қамтамасыз етіп, олардың елге сіңірген еңбектеріне алғыс білдірумен қатар, олардың өмір жолын жастарға үлгі ету.

Тарихи саяхат бағдарында:

  • Ташкенттегі Төле би кесенесіне зиярат;
  • Қаланың көрнекті тарихи орындарын аралау;
  • Самарқан қаласындағы әйгілі Регистан алаңы, Ұлықбек, Шердор, Тилля-Кари медреселері мен Әмір Темірдің “Гүр Әмір” кесенесін тамашалау қамтылды.

Сапар барысында ардагерлер бабалар аманатына айналған тарихи мекендерді аралап, рухани мол әсер алды. Олар көрсетілген құрмет пен қолдау үшін аудан басшылығына және “Белсенді ұзақ өмір” орталығының қызметкерлеріне ақ баталарын берді.

Бұл – тарихқа тағзым, ардагерге құрмет, ұрпаққа өнеге болған тағылымды сапар.