Шымкент көшесінде есінен танып қалған әйелге полицейлер дер кезінде көмек көрсетті

Шымкент көшесінде орын алған төтенше жағдайға полицейлер жылдам әрекет етті. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада патрульдік полиция қызметкерлерінің есінен танып қалған әйелге көмек көрсетіп жатқан сәті көпшіліктің назарын аударды.
Оқиға кезінде тәртіп сақшылары өздерінің қызметтік бағыты бойынша жүріп бара жатқан. Көшеде кенеттен есінен танып қалған әйелді байқап қалған олар, еш кідірместен алғашқы көмек көрсетіп, дереу жедел жәрдем шақырған. Кейіннен әйел медицина қызметкерлеріне аман-есен табысталды.
Желі қолданушылары полицейлердің бұл әрекетіне жоғары баға беріп, алғыстарын жарыса жазуда. Көпшілігі мұндай игі істер полицияға деген сенімді арттыратынын алға тартып отыр.
Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың амандығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген сақшылардың бұл қадамы – адамгершіліктің жарқын үлгісі.