Шымкентте 6 жасар бала кәріз суына батып қайтыс болды

Шымкент қаласының Тұран шағынауданында алты жасар баланың денесі кәріз суы жиналған аумақтан табылды. Қайғылы оқиға жергілікті тұрғындар мен бүкіл қала жұртшылығын дүр сілкіндірді.

Қайтыс болған баланы туған-туыстары кеше жер қойнына тапсырды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, апат орнында – көпқабатты үйлерден небәрі 500 метр қашықта орналасқан, қауіпті жер – шамамен бір жыл бойы ашық күйде тұрған. Онда жиналған лас су қауіпті көлшікті еске салады.

Азаматтардың айтуынша, олар бұл мәселе жөнінде бірнеше рет қалалық әкімдікке шағымданып, дабыл қаққан. Алайда нақты нәтиже болмаған. Ал қала әкімдігіне қарасты энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы кінәні мердігер мекемеге артып отыр. Ведомство мәліметінше, кәріз жүйесі мен арық-атыз құрылысын жүргізген компания қауіпсіздік талаптарын толық орындамаған.

Қайғылы оқиға бойынша қазір құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Жауапты тұлғалардың салғырттығы мен құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты сұрақтар әлі де ашық күйде қалып отыр.