Шымкентте аппарат жиыны өтті

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жетекшілігімен өткен кезекті аппарат мәжілісінде мамыр мерекелеріне дайындық, зиянкестерге қарсы күрес, қаңғыбас иттерді азайту және тұрғындармен кездесуде берілген тапсырмалардың орындалуы қаралды.

Қала әкімінің орынбасары Сәкен Құранбек алдағы мерекелік іс-шаралар жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, 1 мамыр – Бірлік күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік, патриоттық және спорттық шаралар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналмақ.

Қала басшысы іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу, безендіруді заманауи талаптарға сай ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев зиянкестер мен кеміргіштерге қарсы өңдеу жұмыстарының барысын баяндап, көктем-күз мезгілдерінде залалсыздандыру жүргізілетінін айтты. Қаңғыбас иттерді аулау да жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Әкім бұл жұмыстарды күшейтіп, көпқабатты үйлерде де тиісті өңдеулерді қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиында сондай-ақ қала тазалығы, бейнебақылау камераларын орнату, жол жөндеу сапасы мен мерзімі де сөз болды.