Шымкентте ардагерлерге мерекелік әлеуметтік көмек көрсетіледі

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай Шымкент қаласында ардагерлерге бір реттік әлеуметтік қолдау көрсету бастамасы қолға алынды. Қала мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/123-VIII шешіміне сәйкес, биылғы мереке қарсаңында 1994 азаматқа жалпы көлемі 147,1 миллион теңге болатын көмек бөлінбек.
Мерекелік төлем ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарды қамтиды. Атап айтқанда, 166 ардагерге 45 АЕК – 176 940 теңге мөлшерінде қаржылай көмек беріледі. Жалпы сома 29,4 миллион теңгені құрайды.
Соғыстың қанды қырғынында болған екі ардагерге 1272 АЕК – 5 миллион теңгеден аса көмек аударылады. Бұл топқа қарастырылған жалпы қаражат – 10 миллион теңге.
Сонымен қатар, тыл еңбеккерлері мен марапатталмаған ардагерлер де назардан тыс қалмайды. 1586 адамға 15 АЕК – 58 980 теңге мөлшерінде бір реттік көмек беріледі. Бұл мақсатқа 93,5 миллион теңге бөлінген.
ҰОС мүгедектерінің жесірлеріне де дәл осы мөлшерде – 15 АЕК қаржылай көмек қарастырылған. 70 азаматшаны қамтитын бұл топқа 4,1 миллион теңге қаражат жұмсалмақ.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары да мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмайды. 170 отбасыға жалпы 10 миллион теңге көлемінде көмек бөлінетін болады.
Ардагерлер мен олардың отбасы мүшелеріне деген бұл қолдау – ұрпақтар сабақтастығын сақтап, өткенге құрмет көрсетудің бір белгісі. Қала әкімдігі тарапынан мұндай әлеуметтік қамқорлық алдағы уақытта да жалғасын табады.