ШЫМКЕНТТЕ АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС БРИГАДАСЫ ДАҒДАРЫСТЫ ЖАҒДАЙЛАРҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖАТТЫҒУЫН ӨТКІЗДІ
ШЫМКЕНТТЕ АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС БРИГАДАСЫ ДАҒДАРЫСТЫ ЖАҒДАЙЛАРҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖАТТЫҒУЫН ӨТКІЗДІ
Шымкент қаласында аумақтық қорғаныс бригадасының базасында командалық-штабтық жұмылдыру жаттығуы өтті. Жаттығуға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жетекшілік етті. Іс-шараны Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырды.
Жаттығудың басты мақсаты – дағдарысты жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау, сондай-ақ стратегиялық маңызды нысандарды күзету мен қорғау бағытындағы практикалық дағдыларды жетілдіру болды.
– Жаттығу екі кезеңде өтті. Біріншісінде – бригаданы жоғары жауынгерлік дайындыққа келтіру және қорғаныс істері жөніндегі департаментпен үйлестіру мәселелері қаралды. Екінші кезеңде – әскери жағдай енгізілген кезде күштік құрылымдармен бірлескен іс-қимылдар мен стратегиялық нысандарды қорғау жұмыстары жүргізілді, – деді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Бақытжан Әшімов.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жаттығу нәтижесіне оң баға беріп, жеке құрамның жауынгерлік және моральдық-психологиялық дайындық деңгейінің жоғары екенін атап өтті.