Шымкентте Халықаралық музейлер күніне орай «Музейдегі түн» ерекше форматта өтті

Шымкентте Халықаралық музейлер күніне орай «Музейдегі түн» ерекше форматта өтті,деп жазады Pressa24.kz.
Шымкент қаласында Халықаралық музейлер күніне орайластырылған «Музейдегі түн» мәдени шарасы кең көлемде ұйымдастырылды. Басты алаң ретінде тарихи-мәдени «Шым қала» кешені таңдалып, онда «Тарих тереңіндегі Шымкент» атты мазмұнды кеш өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары өткен дәуірдің лебін сезініп, рухани әсерге бөленді.
Мерекелік кеште алғаш рет «Шымкент реликвиялары» залы ашылып, 2017–2020 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған ерекше жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды. Сонымен қатар қонақтар үшін қолөнершілер жәрмеңкесі, шеберлік сағаттары, тақырыптық экскурсиялар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Кештің шарықтау шегіне айналған қойылымдар қаланың жетекші театр ұжымдарының қатысуымен өтті. Театралды көріністер қала мұражайларында сахналанып, тарихи оқиғаларды көрерменге көркем түрде жеткізді.
Ауқымды мәдени шара тарихшыларды, археологтарды, өнертанушылар мен мәдениет жанашырларын тоғыстырып, тарихи жады мен рухани мұраға арналған шынайы мерекеге айналды.