Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте жаңа «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте жаңа «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Бұл жолы кадет сыныбы қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Нұржан Алтынбековтің есімімен аталды, деп хабарлайды Pressa24.kz  Polisia.kz-ke сілтеп.

Салтанатты шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Маулен Ахметов қатысып, мұндай бастаманың жас ұрпаққа тәртіп пен жауапкершілікті сіңіретінін атап өтті.
– «Жас сақшы» жобасы – балаларға отансүйгіштік пен заңға құрметті ерте жастан дарытудың маңызды жолы. Бүгінгі кадеттердің болашақта елдің заңын қорғайтын абыройлы азаматқа айналарына сенімім мол, – деді ол.

Айта кетейік, былтыр Шымкентте үш бірдей «Жас сақшы» сыныбы құрылған. Онда оқушылар әскери дайындық пен құқық негіздерін меңгеріп, полиция қызметімен танысып келеді.