Шымкенттегі цифрландыру: қала өмірінің барлық саласында технологиялық серпіліс байқалады

Шымкенттегі цифрландыру: қала өмірінің барлық саласында технологиялық серпіліс байқалады
Шымкент қаласында цифрлық технологияларды енгізу қарқынды жүріп жатыр. Бұл үрдіс мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырумен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, экология және қауіпсіздік салаларында да нақты нәтижелерін көрсетуде.
2022 жылы мемлекеттік органдардағы ақпараттық технологияларды пайдалану көрсеткіші 46%-ды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 85%-ға жеткен. Бұл – әкімдіктің жүйелі жұмысының жемісі. «Ақылды қалалар» стандарты бойынша да айтарлықтай ілгерілеу бар: 2022 жылы 55% болған көрсеткіш 2023 жылы 76%-ға жетті.
Қаланың №65 мектеп-гимназиясында Alaqan биометриялық жүйесі пилоттық түрде енгізіліп, 6 ай ішінде оқушылардың 99%-ы тіркелген. Жүйе арқылы мектепке кіріп-шығу және асханалық қызмет автоматтандырылып, бастауыш сынып оқушыларының 92%-ы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Әлеуметтік осал 261 оқушыға арнайы мәзір ұсынылып, 2,3 млн теңге үнемделді.
Қаладағы қоқыс алаңдарын бақылау жүйесі де заманауи деңгейге көтерілді. Желтоқсан көшесіндегі алаңға QR-код және бейнебақылау орнатылып, жарты жыл ішінде жүйе 52 толу жағдайын, 164 заңсыз көлік тұрағын және 1 өртті тіркеген. QR-код арқылы тұрғындардан 109 байланыс орталығына 21 өтініш түсті.
№2 қалалық емханада «HR-process» бұлтты жүйесі енгізіліп, 403 қызметкер тіркелген. Жүйе арқылы жұмыс уақыты бақыланып, 47 кешігу жағдайы анықталған. Қызметкерлерге QR-код арқылы қолжетімділік қамтамасыз етіліп, адам факторының әсері азайтылды.
«Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында енгізілген «Цифрлық комплаенс ассистент» 63 тәуекелді анықтап, 84 нақты ұсыныс әзірледі. Оның 27-сі іске асырылған. Жүйе сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған тиімді құрал ретінде танылып отыр.
Kcell мен Kar-Tel компанияларының қолдауымен қалада 78 5G базалық стансасы іске қосылып, 321 нүкте қамтылған. 23 ауылдық елді мекеннің тізімі жасалып, оның төртеуі – 195 орам, Елтай, Сайрам және Қатынкөпір – кең жолақты интернетке қосылды. Қаладағы 63 шағын аудан мен тұрғын алаптар да жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылуда.
Шымкенттегі цифрландыру жобалары – нақты көрсеткіштері мен әлеуметтік-экономикалық тиімділігі бар кешенді бағдарлама. Бұл өзгерістер қаланың даму бағытына тың серпін беріп отыр.