Созақ ауданында нашақорлыққа қарсы бір айлық акция басталды

Созақ ауданында жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауқымды бір айлық акция өз жұмысын бастады. Іс-шаралар легі «Мыңжылқы» мәдениет сарайы алдында өткен шеру арқылы ашылып, «Нашақорлық пен синтетикалық есірткіге жол жоқ!» ұранымен аудан әкімдігіне дейін жалғасты.

Шеруге аудан жастары, медицина қызметкерлері, спортшылар және түрлі сала өкілдері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы шара барысында сөз сөйлеп, жастарды есірткіден аулақ болуға және салауатты өмір сүруге шақырды. Ол басталған бір айлық іс-шаралардың маңызын атап өтіп, бұл бастама — жас ұрпақты нашақорлықтың зиянынан қорғауға бағытталғанын жеткізді.

Сондай-ақ, Созақ аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Нұрланұлы жастар арасында есірткіге қарсы күресті күшейту қажеттігін айтты.

Шарада белбеу күресінен әлем кубогының чемпионы, спорт шебері және жаттықтырушы Созақ спорт клубы КММ-нің әдіскері жастарды спортпен шұғылдануға шақырып, «Есірткісіз қоғам құру — әр азаматтың борышы» екенін ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында белсенді жастар «Нашақорлыққа жол жоқ» деген жазуы бар әуе шарын көкке ұшырды. Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен қорытындыланып, «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындады.