СОЗАҚ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫ САПАЛЫ АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ ІСІ КЕҢЕЮДЕ

 

Созақ ауданында елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастама өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған.

Қазіргі таңда «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының еншілес кәсіпорны — «Волковгеология» АҚ мамандары Бабата, Қызылкөл, Құмкент, Қарақұр және Қаратау ауылдарында су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарын атқарып жатыр.

Бабата ауылында тереңдігі 507 метр болатын алғашқы ұңғыма қазылып, сағатына 100 текше метрге жуық су алынған. Қазіргі уақытта екінші ұңғыма бұрғыланып, оның қуаттылығы мен су сапасы тексерілуде. Ал Қарақұр ауылында екі ұңғыма іске қосылып, әрқайсысы сағатына 35 текше метр таза су беріп отыр. Су сапасын жақсарту және сүзу жүйесін жетілдіру шаралары жалғасуда.

Жобаға ГРЭ-5 филиалының 10 маманы мен арнайы бұрғылау техникалары тартылған. Барлығы сегіз ұңғыма қазу жоспарланған бұл жоба «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның демеушілігімен жүзеге асуда.

Толық аяқталу мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айына белгіленіп, жоба өңірдегі ауызсу тапшылығын түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.