Созақ ауылында 20 жылдық түлектер жаңа демалыс орнын салып берді

Созақ ауылында «Созақ» мектеп-гимназиясының 20 жылдық түлектері туған ауылға деген перзенттік парызын іспен дәлелдеп, жаңа демалыс орнын ел игілігіне ұсынды. Түлектердің бастамасымен ауылдың орталық алаңынан бастау алатын серуен жолы мен “Арбат” демалыс орны салынды.
Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, елге жанашырлық танытып, туған топыраққа қызмет етуді парыз санаған түлектерге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғарев әлеуметтік жауапкершілік танытқан азаматтардың бұл игі ісі көпке үлгі екенін атап өтті.
Шарада ауыл ақсақалдары мен тұрғындар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, игі іске мұрындық болған түлектерге ақ баталарын берді.
Бұл бастама ауылдың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың демалысын пайдалы әрі жайлы өткізуіне мүмкіндік беретін заманауи қоғамдық кеңістікке айналды.