Созақ төрінде қазақ күресінен ел чемпионаты өтті

Созақ ауданында қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысы мен ауданның Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жылдық мерейтойына орай қазақ күресінен ел чемпионаты өтті.
Орталық саябақта ұйымдастырылған айтулы жарысқа еліміздің барлық өңірінен 28 палуан қатысып, 90+ салмақта бақ сынасты. Күрес өнерінің майталмандарына айналған апайтөс балуандар ел біріншілігі мәртебесіне сай бозкілемде бар шеберліктерін паш етті.
Шешуші белдесуде Жамбыл облысының палуаны Ғалымжан Қырықбаев пен Түркістан облысының палуаны Әбдіғали Бибарыс кездесіп, тартысты айқас нәтижесінде Ғалымжан Қырықбаев жеңіске жетіп, түйе палуан атанды. Бас жүлде иесіне Changan CS55 Plus маркалы жаңа автокөлік табысталды. Ал жүлделі орындарға ие болған балуандарға қомақты қаржылай сыйлықтар берілді.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, мерейтой иесін құттықтап, ұлттық спорттың жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
Бұл чемпионат — ел спорты мен дәстүрін дәріптеген маңызды дода ғана емес, ұлт рухын көтерген ерекше шара болды.