СОЗАҚТА ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖАМБЫЛДЫҚ БАЛУАН ТОП ЖАРДЫ

 

Созақ ауданында қазақ күресінен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Бұл дода қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Тартысты жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 28 балуан қатысып, бозкілемде мықтыны анықтады. Шараға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, мерейтой иесін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Финалдық белдесуде Жамбыл облысының балуаны Ғалымжан Қырықбаев пен Түркістан облысының өкілі Әбдіғали Бибарыс күш сынасты. Қызықты өткен айқаста жамбылдық палуан жеңіске жетіп, түйе балуан атағын иеленді. Бас жүлде ретінде чемпионға жаңа автокөлік табыс етілді. Сондай-ақ, жарыс жүлдегерлеріне де қомақты қаржылай сыйлықтар үлестірілді.