Созақта ерекше балаларға арналған «Сен, ерекшесің» фотожобасы өтті

Бүгін «Мыңжылқы» мәдениет үйінде ерекше жандарды қолдауға бағытталған тың бастама — «Сен, ерекшесің» атты фотожобаның қорытынды шарасы өтті. Жобаны аудан әкімдігінің қолдауымен ақын, ұстаз, «Шапағат» медалінің иегері Әсел Бимырзаева жүзеге асырды.

Фотожоба аясында 15-ке жуық ерекше баланың аудан орталығы мен табиғат аясында түсірілген бейнелері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде балалардың түрлі көңіл күйі мен ішкі әлемін суреттейтін кадрлар көрермен көңілінен шықты. Жобаның басты мақсаты — ерекше балалардың қоғамдағы орнын арттыру, өмірге деген құштарлықтарын насихаттау және ата-аналарға рухани қолдау көрсету.

Қорытынды шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, балалар мен ата-аналарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар мен аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

– Әр бала – бір әлем. Осындай жобалар арқылы біз қоғамға ерекше балалардың өмірге құштарлығын, шығармашылық қабілетін таныта аламыз, – деді ол өз сөзінде.

Көрме аясында жоба қатысушыларына арналған демалыс пен кәсіби фототүсірілім ұйымдастырылғаны атап өтілді. Түсірілімдерге тәжірибелі фотографтар тартылып, балалардың жарқын бейнесі ерекше көркемдікпен ұсынылды.

Мәдени шара «Ақ кербез» би тобының орындауындағы «Қаражорға» биімен ашылып, концерттік бағдарламада Розахмет Валиев және «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.