Созақта мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Созақ ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылды. Спорттық шараға аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен ауылдық округтерден құралған командалар қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, тартысты бәсекеде сәттілік тіледі.
Спартакиада аясында қатысушылар қол күрес, үстел теннисі, футбол және гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен өзара бақ сынасты. Жарыс барысында мемлекеттік қызметшілердің ұйымшылдығы мен салауатты өмір салтына деген ынтасы байқалды.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен үздік спортшылар диплом, медаль және арнайы сыйлықтармен марапатталды.





