СОЗАҚТА ЖАҢА КІТАПХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысының Созақ ауданында салынып жатқан жаңа Орталық кітапхана нысанының құрылыс сапасы «AMANAT» партиясының жіті бақылауында. Бұл бақылау – партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген әлеуметтік нысандардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Аталған нысанға кезекті мониторинг «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы тарапынан жүргізілді. Комиссия төрағасы Берік Тұрғанбаевтың жетекшілігімен өткен бақылау шарасына Талғат Абуов, Нұржамал Майусова, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Дархан Үркінбаев пен мердігер компания өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда кітапхана ғимаратының сыртқы сылақ жұмыстары аяқталуға жақын. Қасбетті әрлеу, кіреберіс баспалдақтарын салу және айналасын бетондау жұмыстары қатар жүргізілуде. Ішкі бөлмелерде әрлеу, жылу жүйесін орнату және жарық желілерін тартуға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс алаңында шамамен 20 құрылысшы еңбек етуде, арнайы техникалар жұмылдырылған.
Жобаны «SK Тенгри Холдинг» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Ал «ДиК Проект» ЖШС бас жобалаушы, техникалық қадағалаушы міндетін «Tekhnzor Prom Exspert KZ» ЖШС атқарып келеді. Құны 958 миллион теңгеден асатын нысанның құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталған. Мердігер компания бекітілген кестеге сай жұмыс атқарып, биылғы жылдың соңына дейін негізгі құрылыс кезеңдерін аяқтауды жоспарлап отыр.
Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын екі қабатты кітапхана заманауи сәулет талаптарына сай бой көтеруде. 12 мың шаршы метрден асатын ғимаратта оқу залдары, конференция бөлмелері және мәдени іс-шараларға арналған кеңістіктер қарастырылған. Бұл жоба аудан тұрғындары үшін жаңа мәдениет пен білім ордасына айналмақ.
Мониторинг барысында Берік Тұрғанбаев құрылыс сапасына ерекше тоқталып, «Әрбір жұмыс кезеңі – халық сенімінің өлшемі. Бұл нысан тек кітапхана емес, елдің рухани орталығы болады. Сол себепті партия тарапынан бақылау үздіксіз жалғасады», – деді.
Жаңа Орталық кітапхана іске қосылған соң Созақ жастарының зияткерлік әлеуетін арттырып, мәдени өмірін байытады деп күтілуде. Бұл жоба – «AMANAT» партиясының халық алдындағы уәдесін нақты іспен дәлелдеп отырғанының көрінісі.





