Созақта жеке қаржыға салынған заманауи спорт кешені ашылды

Созақ ауданының Тасты ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тың жоба іске асырылып, жаңа «BELES» спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл — ауыл тумасы, танымал кәсіпкер Махат Төрәлінің жеке қаржысына салынған әлеуметтік нысан.
Жаңа кешенде бокс пен күреске арналған залдармен қатар, жалпы дене шынықтыруға арналған алаңдар қарастырылған. Спорт орталығы ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына және спорттағы жетістіктерін шыңдауына үлкен мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Ол өз сөзінде аудан бойынша спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі жалғасып жатқанын атап өтіп, ауыл жастары үшін мұндай нысандардың маңызды екенін жеткізді.
Ауыл ақсақалдары «BELES» кешені ауыл спортының биік белестерге шығуына жол ашады деген сенім білдіріп, ақ батасын берді.