Тасты ауылында «BELES» спорт кешені ашылды

Созақ ауданына қарасты Тасты ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тағы бір ілкімді жоба жүзеге асты. Белгілі кәсіпкер, ауыл тумасы Махат Төрәлінің демеушілігімен салынған жаңа «BELES» спорт кешені ел игілігіне берілді.
Жаңа нысанда бокс, күрес және шынығу залдары қарастырылған. Бұл ауыл жастары үшін спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға зор мүмкіндік туғызады.
Спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтап, аудандағы спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жайлы атап өтті. Ашылу барысында ауыл ақсақалдары кешеннің ел болашағы – жастарды биік белестерге жетелейтіне сенім білдіріп, ақ баталарын берді.
Жалпы аумағы 3500 шаршы метр, ғимарат көлемі 416 шаршы метрді құрайтын спорт кешені – ауылдағы спорт инфрақұрылымын нығайтудың нақты көрінісі.