«ТАЗА БЕЙСЕНБІ» – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТКЕ БАСТАЙТЫН ІЗГІ ІС

Сарыағаш қаласында экологиялық жауапкершілікке үндейтін дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясы өтті. Бұл жолғы тазалық науқанына Түркістан облыстық және Сарыағаш аудандық мәслихаттарының депутаттары мен ауданның белсенді жастары қатысып, қала келбетін көркейтуге өз үлестерін қосты.
Қатысушылар «Ана мен бала» аллеясында ұйымдастырылған сенбілік барысында аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазалап, демалыс орындарын ретке келтірді. Орындықтар сырланып, ағаштар қырқылып, гүлзарларға күтім жасалды. Тазалық шарасына қатысқан жастар мен депутаттар тұрғындарға қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын түсіндіріп, табиғатты қорғауға шақырды.
Науқанның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті арттыру, қоғамда табиғатты аялау сезімін қалыптастыру және туған өлкенің тазалығын сақтауға жұртшылық назарын аудару. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар экологиялық сана мен ортақ жауапкершілікті күшейтіп, тұрғындардың өмір сүру сапасына оң әсер етеді.
Тазалыққа үндейтін бұл іс-шаралар апта сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Мұндай қоғамдық науқандардың арқасында қала көшелері ғана емес, тұрғындардың экологиялық көзқарасы да жаңарып, Сарыағаштың келбеті көркейіп келеді.
Аудан басшылығының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза бейсенбі» акциясы – табиғатқа деген қамқорлықты іспен дәлелдеудің жарқын үлгісі. Қатысушылардың айтуынша, әр адам өз ауласын, көшесін таза ұстауға үлес қосса, қаланың экологиялық ахуалы да жақсарып, болашақ ұрпаққа таза орта қалдыру мүмкіндігі артады.





