«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2600-ДЕН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТКІЗІЛДІ

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2600-ДЕН АСТАМ ІС-ШАРА ӨТКІЗІЛДІ
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында тазалық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кең көлемді жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде 2614 тазалық іс-шарасы өткізіліп, 458 мыңнан астам тұрғын атсалысты.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Жиында мәлім етілгендей, тазалық жұмыстарына 2980 техника тартылып, 9143 тонна қоқыс шығарылған, ал көгалдандыру бағытында 509 мыңнан астам көшет отырғызылған.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, «TazaQazBot» жүйесіне 2320 өтінім келіп түскен, оның 2308-і орындалып, 12-сі қаралуда. Сонымен қатар, санитарлық нормаларды бұзған 10 570 жағдай тіркеліп, 262,5 млн теңге айыппұл салынған. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп.
«109» өтінімдер жүйесіне аэровизуалды мониторинг нәтижелерін интеграциялау арқылы экологиялық бақылау жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте аудан және қала әкімдіктері дрондармен қамтылып, бейне және фотоматериалдарды жедел жүктеу тапсырылды.
Сонымен қатар, қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін Түркістан қаласында пилоттық жоба ретінде іске қосу ұсынылды. Жаңа үлгіге сай, қағаз, шыны, металл, пластик және электронды қалдықтарға арналған бес түрлі контейнер орнату көзделіп отыр.
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров тазалық пен абаттандыру мәселелері тікелей бақылауда болатынын айтып, халық пен жергілікті билік арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.