Төлеби ауданы инвесторларға таныстырылды: өңір экономикасын жаңғыртуға мүмкіндік бар

Төлеби ауданы инвесторларға таныстырылды: өңір экономикасын жаңғыртуға мүмкіндік бар

Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндірісті қайта жандандыру бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Осы мақсатта Төлеби ауданының әкімдігі шетелдік инвесторлармен кездесіп, ауданның экономикалық әлеуетін таныстырды.

Қытай Халық Республикасынан келген кәсіпкерлермен болған кездесу барысында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов Төлеби өңірінің қазіргі даму бағыттарын және болашағы зор жобаларын ұсынды. Атап айтқанда, кеңес заманында жұмыс істеген, бірақ тоқырау жылдарында тоқтап қалған өнеркәсіп орындарының қазіргі жағдайы таныстырылып, оларды қайта іске қосу мүмкіндігі сөз болды.

Бүгінде ауданда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан өндірістік парк пен индустриалды аймақ – жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті өрістетуге жол ашатын маңызды нысандардың қатарында. Жергілікті билік инфрақұрылымды дамыту, инвесторларға тиімді жағдай жасау және қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Аудан басшысы тоқтап тұрған өндіріс ошақтарын қалпына келтіру арқылы жергілікті экономиканы жандандыруға болатынын атап өтті. Төлеби ауданында жұмыс күші жеткілікті, ал қажетті жағдайлар жасалған.

Инвесторлар өз кезегінде ауыл шаруашылығы мен кен өндіру бағыттарында ынтымақтастыққа дайын екендерін білдіріп, шахта кен орындарының жұмысымен танысуға мүдделілік танытты.

Бұл кездесу – Төлеби ауданының экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануға және жаңа инвестициялық серіктестіктер орнатуға жасалған нақты қадамдардың бірі.