ТӨЛЕБИДЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «АЛАТАУ» ЖАЗҒЫ ЛАГЕРІ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

ТӨЛЕБИДЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «АЛАТАУ» ЖАЗҒЫ ЛАГЕРІ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Төлеби ауданындағы Тасарық ауылында балалар демалысына арналған заманауи «Алатау» лагері есігін айқара ашты. Бұрын әлеуметтік қорғау саласына тиесілі болған нысан биыл білім басқармасына беріліп, толық жаңғыртудан өтті.
300 орынға лайықталған лагерьде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа стандарттарға сай 270 шаршы метрлік жүзу бассейні салынды. Асхана, акт залы, спорт алаңы, жазғы сахна секілді инфрақұрылым түгелдей жаңартылып, материалдық-техникалық база толықтай жаңаланды.
Ашылу салтанатында облыс және аудан басшылығы, қоғам белсенділері мен педагогтар сөз сөйлеп, балаларға шат-шадыман жаз тілеп, игі бастамаға сәттілік тіледі.
Бұдан былай бұл мекеме тек жазғы маусымда емес, жыл бойы балалар мен жасөспірімдерге арналған сауықтыру, оқу және дамыту орталығы ретінде жұмыс істейтін болады. Мұндай шешім балаларға қолжетімді, мазмұнды демалыс ұйымдастыруды мақсат етеді.
Айта кетейік, лагерьдің жаңа форматқа көшуіне арнаулы мекемеге мұқтаж балалар санының азаюы себеп болған. Арнайы мектеп-интернат енді Сауран ауданына көшіріліп, лайықты жағдаймен қамтамасыз етілді.
Жаңарған лагерьде спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, мәдени бағдарламалар мен ұлттық ойындар өткізу жоспарланған. Ашылу күні балалардың өнері мен көтеріңкі көңіл-күйі мерекенің сәнін келтірді.





