ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ҚЫЛМЫС ДЕҢГЕЙІ ТАЛДАНЫП, ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Түлкібас ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кезекті ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен жиында 2025 жылдың алғашқы бес айындағы қылмыс көрсеткіштері мен отбасы ішілік зорлық-зомбылық деректері талқыланды.
📍 Қоғамдық орындарда қылмыс азайғанымен, отбасылық жанжал көбейген
Аудандық полиция бөлімі бастығы Б. Сұлтановтың айтуынша, биылғы жылы қоғамдық орындарда, мас күйде және кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар азайған. Алайда, отбасылық-тұрмыстық негіздегі қылмыстар саны артқан.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты тежеу бағытында мектеп, ата-аналар және полиция бірлесе жұмыс істеуі қажет екені айтылды.
📍 Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 18 адам тіркелген
Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері де қаралды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің міндетін атқарушы Р. Қалдарбековтің айтуынша, жыл басынан бері аудандық «Отбасын қолдау орталығы» КММ-ге зорлық-зомбылыққа қатысты 18 азамат жүгінген.
Олардың ішінде:
- 2 адам «Сенім-ай» дағдарыс орталығына орналастырылған,
- 1 азамат Шымкент қаласындағы бейімдеу орталығына жіберілген,
- 3 азаматқа құқықтық көмек,
- 6 азаматқа психологиялық көмек көрсетілген,
- Қалған 6 адаммен жұмыс жалғасуда.
📍 Жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіп күшейтіледі
Аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы құқық қорғау органдарына қылмыстың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, жол-көлік оқиғаларын азайту үшін рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізуді тапсырды.
Жол ережесі жиі бұзылатын учаскелерде заң аясында нақты жұмыстар жүргізу қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар, барлық берілген тапсырмалар хаттамаға енгізілетіні және олардың орындалуы бақылауда болатыны айтылды.