ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Түлкібас ауданында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен жол жөндеу жұмыстары талқыланған кезекті жиын өтті. Аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен басқосуда бірқатар маңызды мәселелер күн тәртібіне қойылды.
📍 Жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ердос Айнақұлдың айтуынша, биыл алғашқы 5 айда 27 кене шағу дерегі тіркеліп, барлық науқас медициналық бақылауға алынған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жағдай тұрақты – 2023 жылы 36 оқиға орын алған.
Аса қауіпті энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында сәуір айынан бастап 2 млн шаршы метрден астам аумақта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл – жоспардың 80 пайызы. Мал иірімдері мен жайылымдық жерлерде де тиісті жұмыстар атқарылып, 944 мың шаршы метр өңделген.
«Ветеринариялық қызмет» мекемесінің аудандық филиал басшысы Жасұлан Ештаевтың мәліметінше, ұсақ малды тоғыту 97%, ірі қара мен жылқыны бүрку 75% орындалған. Жұмыстар 10 маусымға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Аудан басшысы кене шағу тіркелген аумақтарды қосымша дәрілеуді, профилактикалық шараларды күшейтуді және тұрғын қауіпсіздігін басты назарда ұстауды тапсырды.
📍 Жол инфрақұрылымы мен тазалық – басты назарда Жиында жол инфрақұрылымын жақсарту және ауылдардың санитарлық ахуалын түзету мәселелері де сөз болды. Бүгінде аудан ішкі жолдарының 86,2 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 89 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, 5 елді мекенде 18 көшені (жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асады) орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 13 көшеде жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Аудан әкімі жол құрылысының сапасын бақылауды, кепілдік мерзіміндегі ақауларды мердігерлер есебінен жоюды қадағалауды тапсырды.
📍 Тазалық пен тәртіп – ауыл әкімдерінің бақылауында Елді мекендердегі шашылған күл-қоқысты жою, көше тазалығын сақтау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Аппарат инспекторлары анықтаған кемшіліктерді жою ауыл әкімдеріне жүктелді. Тазалықты сақтамаған тұрғындарға айыппұл салу, түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде Полиция бөліміне нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары үнемі назарда болатыны ескертіліп, бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын тоқтатпау міндеттелді.