Түлкібаста балаларға арналған ойын алаңы ашылды: нақты игілік пе, әлде кезекті есеп пе?

Түлкібаста балаларға арналған ойын алаңы ашылды: нақты игілік пе, әлде кезекті есеп пе?

Түлкібас ауданында көптен күткен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Жергілікті билік мұны өскелең ұрпақтың денсаулығына, белсенділігіне және өмір сапасына жасалған нақты қадам деп бағалап отыр. Расында, әрбір бала үшін қауіпсіз, заманауи алаң — жай ғана ойын орны емес, қоғамның болашаққа көзқарасының көрсеткіші.

Алаңшадан кіші футбол алаңы, жаттығу құралдары, әткеншек пен сырғанақтар орын алған. Барлығы да қауіпсіздік талаптарына сай жасалғаны айтылды. Аудан әкімі Асқар Естібаев пен мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарға игі тілектерін білдірді.

Дегенмен, аудандағы 59 елді мекеннің барлығында ойын алаңдары бірдей деңгейде дамыған ба? Жергілікті атқарушы органдар таратқан мәліметке сенсек, қазірдің өзінде 63 шағын алаң мен 2 стадион, 3 жабық футбол манежі бар көрінеді. Бірақ ауыл тұрғындары бұл нысандардың бір бөлігі ескіргенін, кейбір елді мекендерде әлі күнге балаларға арналған қауіпсіз орта жоқ екенін айтып келеді.

Биыл «Көкжайлау» ықшам ауданы мен Сейдалиев көшесі маңына да жаңа алаңдар салу жоспарланған. Бірақ жоспар мен шындықтың арасы жер мен көктей болып кетпесе игі. Алаңдардың тек ашылып қана қоймай, ұзақмерзімді күтім мен техникалық қызмет көрсетуін де жергілікті әкімдік назарда ұстауы тиіс.