Түлкібаста ірі жобалар мен ауыл әлеуеті таныстырылды

Түлкібаста ірі жобалар мен ауыл әлеуеті таныстырылды
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековпен бірге Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Сапардың мақсаты — жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың барысымен танысу, өндіріс әлеуетін бағамдау.
Алдымен делегация өңірдегі ауқымды жоба — «Састөбе инновациялық кешенінің» құрылыс алаңында болды. Бұл жоба толық іске қосылғанда 1200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 1 млн тонна цемент пен түрлі химиялық өнімдер өндіріледі. Құрылыс 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Келесі бағыт — кешенді электрмен қамтамасыз ету желілері. Қуаттылығы 180 МВт болатын бұл жүйе өндірістік кешенді үздіксіз энергиямен жабдықтауға арналған. Жобаның құны — 9,6 млрд теңге.
Сапар барысында 1973 жылы салынған дәрі-дәрмек қоймасы да назардан тыс қалмады. Жалпы ауданы 2300 шаршы метрден асатын бұл нысан өңірдегі фармацевтикалық логистиканың маңызды бөлігіне айналып отыр.
Ауылдық әлеуетті арттыру бағытында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асып жатқан жобалар да делегация назарына ұсынылды. Соның бірі — «Ауғанбай ата» кооперативі. Бұл жерде экологиялық таза сүт өнімдері — сүзбе, қаймақ, айран мен сары май өндіріледі. Кәсіпорында жергілікті үш тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Делегация сапары барысында Келтемашат ауылдық округіндегі мәдениет үйінің құрылысымен де танысты. 100 орындық бұл нысан — ауыл мәдениетін жандандыруға бағытталған бастама. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіліп, су тапшылығы, жарықтың жиі өшуі мен тарихи атаудың қайтарылуы секілді мәселелер көтерілді.
Барлық айтылған өтініштер тиісті органдарға тапсырылып, бақылауға алынды.
Түлкібасқа жасалған бұл сапар — нақты істерге бағытталған, ауыл мен өндірісті қатар дамытуға жасалған қадам болды.





