Түлкібаста Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагеріне арналған музей ашылып, дәстүрлі турнир өтті

Түлкібаста Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагеріне арналған музей ашылып, дәстүрлі турнир өтті
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Түлкібас ауданындағы Абайыл елді мекенінде Ұлы Отан соғысы ардагері Нұрлыбай Қасымбековтің құрметіне «Ғибратты ғұмыр» музейі ашылды. Жаңа музей ардагердің есімімен аталатын мектеп қабырғасында орналасқан.
Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, аудан әкімі Асқар Естібаев, зиялы қауым мен Қасымбековтер әулеті, Астана және Алматыдан арнайы келген қонақтар қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары мен қоғам қайраткері ашылу салтанатында сөз сөйлеп, Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры Ұлы Жеңіс іргетасымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ал ардагердің ұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Нұрлыбайұлы әкесі жайлы естеліктерімен бөлісіп, алғысын білдірді.
Музейдің лентасын Дархан Мыңбай мен Асқар Естібаев қиып, жиналғандар батырдың өмірі мен ерлігіне арналған жәдігерлермен танысты. Қонақтар сондай-ақ ауыл ішіндегі ескерткішке тағзым етіп, Құран бағыштады. Мектеп оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарлама да шараға мазмұн берді.
Айта кетейік, бүгінде Түлкібас ауданындағы 60 мектептің 10-ында музей жұмыс істейді.
Шара аясында Нұрлыбай Қасымбековті еске алуға арналған дәстүрлі спорттық турнир өтті. Орталық стадионда футболдан 25-ші, шахматтан 12-ші аудандық турнирдің ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Футбол бәсекесіне 10 команда қатысты. Бұл турнир – батырдың есімін ұлықтап, жас буынға отансүйгіштік пен рухани тәрбиенің маңызын ұғындыру мақсатын көздейді.