Түркістан: 700 мың гектар жер зиянкестерден қорғалды – шегірткеге қарсы күрес күшейді

Түркістан: 700 мың гектар жер зиянкестерден қорғалды – шегірткеге қарсы күрес күшейді
Түркістан облысында биыл аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы кең көлемді химиялық өңдеу жұмыстары қарқын алды. Жалпы көлемі 700 мың гектардан астам алқап зиянкестерге қарсы дәріленіп, егістіктерді шегіртке шауып кету қаупі едәуір азайды.
Өңдеу жұмыстары түрлі тәсілдермен жүргізілді:
🔹 632 мың гектар – жер үсті бүріккіштерімен,
🔹 64 мың гектар – авиация көмегімен («АН-2» ұшағы),
🔹 2 мың гектар – аспалы бүріккіштермен,
🔹 1 мың гектар – дрон техникасымен қамтылды.
Аталған жұмыстардың үйлесімді үйлестірілуін бақылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс қаласында арнайы штаб отырысын өткізіп, шегірткеге қарсы күрестің аймақтық жағдайын саралады.
📍 Түлкібас, Сайрам, Созақ, Отырар, Төлеби, Сауран аудандарында химиялық өңдеу белсенді түрде жүргізілуде.
📍 Ордабасыда ошақтар толық жойылып, тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.
📍 Келес, Сарыағаш, Арыс аудандарында ауданаралық шекараларда техникалар шоғырландырылған.
📍 Қазығұрт пен Шардара өңірлерінде кезекшілік пен бақылау күшейтілуде.
Қазірдің өзінде 100 тоннадан астам арнайы препарат жұмсалып үлгерген. Бұл жұмыстар республикалық және жергілікті бюджет, сондай-ақ кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы жүзеге асырылып отыр:
✅ 192 мың га – республикалық бюджет,
✅ 180 мың га – жергілікті бюджет,
✅ 300 мың га – демеушілік қолдаумен қамтылды.
Тұрашбеков жауапты мамандарға жұмыстарды тәулік бойғы ауысыммен жалғастыруды тапсырды. Азаматтардан түсетін кез келген шағым мен хабарламаны дереу тіркеп, уақтылы әрекет ету міндеттелді.
Бұл науқан – Түркістан агросаласындағы еңбек өнімділігі мен егін алқаптарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.