ТҮРКІСТАН: «AGROFEST ШАРДАРА – 2025» АЯСЫНДА ЕҢБЕК АДАМДАРЫ МЕН ҮЗДІК ШАРУАЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: «AGROFEST ШАРДАРА – 2025» АЯСЫНДА ЕҢБЕК АДАМДАРЫ МЕН ҮЗДІК ШАРУАЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ,-деп хабарлайды Пресса24.кз.

Шардара аудандық мәдениет үйінде өткен «AGROFEST Шардара – 2025» мерекелік іс-шарасы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға деген зор құрметтің айқын көрінісіне айналды. Аграрлық секторды дамытуға үлес қосып жүрген еңбек адамдары мен алдыңғы қатарлы шаруаларға арналған бұл жиынға аудан басшылығы, сала мамандары, фермерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп жүрген диқандар мен шаруа қожалықтарының иелеріне алғысын білдірді. Аудан әкімі өз сөзінде Шардара өңірінің аграрлық әлеуеті жылдан жылға нығайып келе жатқанын атап өтіп, бұл жетістіктер ең алдымен еңбек адамдарының бірлігі мен жүйелі жұмысының нәтижесі екенін жеткізді.

– Шардара ауданы – ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі тірегіне айналған өңір. Биылғы жылы барлық негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша жоғары өнім алынды. Бұл – жерді тиімді пайдаланып, заманауи агротехнологияларды енгізіп отырған шаруалардың еңбегінің жемісі. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникасы жаңарып, су үнемдеу технологиялары кеңінен қолданыла бастады. Бұл өнімділікті арттырып қана қоймай, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, ол алдағы егіс науқанына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын, күздік бидай егу жұмыстары толық көлемде аяқталғанын атап өтті. Аудан әкімі жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барша шаруа қауымына амандық, мол өнім және тұрақты табыс тіледі.

Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласында үздік көрсеткіштерге қол жеткізген еңбеккерлерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Марапатталғандардың қатарында егін шаруашылығында, мал шаруашылығында, агроөнеркәсіп саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Бұл марапаттар – олардың маңдай терімен келген еңбегіне берілген әділ баға екені атап өтілді.

Іс-шараның ресми бөлігінен кейін мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен күйге толы кеш аграрлық еңбектің қадір-қасиетін айшықтай түсті.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шардара ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму жолына түскен. Экономиканың шамамен 80 пайызын құрайтын бұл сала ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр. Биыл ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 64,9 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,3 пайызды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемінің 4,6 млрд теңгеге артқанын көрсетеді.

Агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі де жылдан жылға өсіп келеді. Биыл салаға жалпы 23 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 10 млрд теңгеден астамы «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытының құрылысына бағытталды. Бұл жоба өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу деңгейін арттыруға мүмкіндік бермек.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында егіс алқаптарында ағын суды үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Атап айтқанда, 5 мың гектардан астам жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Бұл технология су шығынын едәуір азайтып, өнімділікті арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.

Мал шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады. Биыл ауданда 5 жаңа бордақылау алаңы іске қосылып, олардың жалпы саны 45-ке жетті. Бұл өз кезегінде ет өндірісінің көлемін ұлғайтып, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге жол ашуда.

Жалпы алғанда, «AGROFEST Шардара – 2025» мерекесі еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы маңызын тағы бір мәрте айқындады. Мұндай шаралар еңбеккерлерді ынталандырып қана қоймай, аграрлық сектордың одан әрі дамуына серпін беретіні сөзсіз.