ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН СПОРТ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРДІ

Бәйдібек ауданында тұрғындар үшін маңызды екі әлеуметтік нысан — мәдениет үйі мен заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл жобалар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Амансай елді мекенінде 150 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды. Заманауи құрылыс талаптарына сай бой көтерген ғимаратта кітапхана, түрлі үйірмелер мен мәдени іс-шараларға арналған зал қарастырылған. Бұл ауыл өміріне жаңа серпін беретін мәдени орталық болмақ.
Сол күні Шақпақ ауылында жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Құрылысты «Real Story Invest» ЖШС жүргізген. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде салынып біткен кешен толық жабдықталған және спортпен тұрақты шұғылдануға ыңғайлы жағдай жасалған.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысып, жергілікті жұртшылықты жаңа нысандармен құттықтады. Ол бұл нысандар жастар мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 манеж, 53 спорт залы және 177 ашық спорт алаңы бар.
Бұл нысандар – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың жемісі.





