ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕГІ ЖҰЛДЫЗ ЕЛДІ МЕКЕНІ ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысында тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның аясында Бәйдібек ауданына қарасты Ағыбет ауылдық округіндегі Жұлдыз елді мекенінде магистральды ауыз су жүйесі іске қосылды.
Жаңа нысанның пайдалануға берілуіне арналған салтанатты іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды жаңалықпен құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Жаңа ауыз су жүйесі арқылы Жұлдыз елді мекеніндегі 65 тұрғын үй мен инфрақұрылым тартылған 39 жер телімі орталықтандырылған таза сумен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, ауылдағы 367 тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Қазіргі таңда Бәйдібек ауданындағы елді мекендердің 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар ауданда «Шаян – Жамбыл – Танатар» елді мекендері арасындағы магистральды су құбыры мен су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Кеңестөбе, Амансай, Жыланды, Сарыбұлақ, Мыңбұлақ, Тұрақты, Жаңаталап, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Теректі, Шалдар, Жарықбас және Алмалы елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Жаңаталап пен Жұлдыз елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар биыл Боралдай, Ағыбет, Жамбыл және Түйетас елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жобалар 2026 жылға өтпелі ретінде жоспарланған.
Өңірде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.





