Түркістан делегациясы Хиуадағы тарихи нысандарды аралап, туризм мүмкіндіктерін зерттеді

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарын жалғастырып жатыр. Сапардың негізгі мақсаты – туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу.

Делегация Хорезм облысына барып, жергілікті билік өкілдерімен маңызды келіссөздер өткізді. Кездесуде туристік бағыттарды дамыту, тарихи және мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ өңірлер арасындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Сапар барысында делегация Хиуа қаласындағы Ичан-Қала тарихи кешені мен Нуриллабой сарайын аралады. Ичан-Қала – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Хиуаның ежелгі орталығы. 26 гектар аумаққа созылған кешен ішкі қамал қабырғаларымен қоршалған және онда медреселер, мешіттер, сарайлар мен мұнаралар орналасқан. Делегация нысандардың тарихымен танысып, мәдени мұраны сақтау тәжірибесін зерделеді.

Нуриллабой сарайы Хиуа хандарының резиденциясы болған ерекше құрылыс. Мұнда шығыстық өрнектер мен еуропалық стиль үйлескен. Сарайды Мұхаммед Рахим II хан салдырған, ішкі бөлмелерінде венециялық айналар, хрусталь люстралар және сәндік бұйымдар сақталған. Құрылысқа хиуалық шеберлермен қатар, шетелдік мамандар да тартылған.

Нысандарды аралау барысында тараптар мәдени, тарихи және туристік салалардағы ынтымақтастықты кеңейту, туристік бағыттарды бірлесіп ілгерілету және тарихи ескерткіштерді сақтау мен цифрландыру тәжірибесін ортақ жобаларда қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

Сапар соңында Нұралхан Көшеров қабылдаушы тарапқа ризашылығын білдіріп, Түркістан мен Хиуа арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың одан әрі нығая түсетінін атап өтті.

2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 830 мың турист келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық. Туризмді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.