Түркістан: ғасыр жасаған науқасқа күрделі ота сәтті жасалды

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының «Ортопедия» бөлімінде 99 жастағы науқасқа шұғыл түрде күрделі хирургиялық көмек көрсетілді. Дәрігерлер жабық көпжарқыншақты сол жақ сан сүйегінің төменгі үштен бір бөлігінің ығысуымен сынуы диагнозын анықтаған.

Мұндай жарақат егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті саналады. Жамбас-сан аймағындағы сынықтар қимыл-қозғалыстың шектелуіне, ұзақ уақыт төсек режиміне және түрлі қосымша асқынулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе, 90 жастан асқан науқастарда операция жасау – анестезиологиялық және хирургиялық тұрғыдан үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Соған қарамастан, дәрігерлер жедел түрде қажетті тексерулер жүргізіп, науқастың жалпы жағдайын тұрақтандырғаннан кейін тиімді ем тактикасын таңдады. Операция барысында заманауи ортопедиялық әдістер қолданылып, сүйек сынықтары қалпына келтірілді. Хирургиялық араласу сәтті аяқталып, қазіргі таңда науқастың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

Мамандардың айтуынша, мұндай жастағы пациенттерге күрделі ота жасау – жоғары кәсіби біліктілікпен қатар, тәжірибе мен үйлесімді командалық жұмысты қажет етеді. Хирургтер, анестезиологтар және орта буын медицина қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде операция асқынусыз өткен.

Бұл жағдай өңірлік медицинаның мүмкіндіктері мен мамандардың кәсіби деңгейін айқын көрсетеді. Ғасыр жасаған науқасқа көрсетілген сапалы медициналық көмек – дәрігерлердің жауапкершілігі мен жанашырлығының нақты дәлелі.