ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БАЛАЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БАЛАЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ
«Бала күлкісі – баршаға ортақ қуаныш» атты іс-шарада бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйланды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазығұрт ауданында кең ауқымды мерекелік шара өтті. «Бала күлкісі – баршаға ортақ қуаныш» атты жиында концерттік бағдарлама мен түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, балалар үшін шаттық пен қуанышқа толы сәттерге жол ашылды.
Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев сөз алып, балаларды төл мерекесімен құттықтап:
– Балалар – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Олардың бақыты мен қауіпсіздігі – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Балалық шақ – әр бала үшін жарқын, есте қаларлық кезең болуы керек. Сол үшін барлығымыз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет, – деді.
Шара барысында мәдениет, білім, спорт және ғылым салаларында жоғары жетістікке жеткен жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмай, оларға арнайы сыйлықтар тарту етілді.
Мереке соңында бүлдіршіндер «Бейбіт өмір мен жарқын болашақ – балалар үшін!» деген ұранмен мерекені қорытындылады..